Қазақстан Республикасы
Қазақстан Еуразия құрлығының жүрегінде орналасқан. Оның аумағы 2 724 900 шаршы метрді құрайды. Өз аумағы бойынша Қазақстан Еуропалық одақтың он екі елінен үлкен! Қазақстан Қытаймен, Қырғызстанмен,Түркмениямен, Өзбекстанмен және Ресеймен шектеседі. Шекараның жалпы ұзындығы-12187 км.
Қазақстан Республикасы – президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет. Конституцияға сәйкес, біздің ел өзін адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандығы ең қымбат қазынасы саналатын демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады. Қазақстан тәуелсіздігін 1991 жылы 16 желтоқсанда алды. Ел астанасы – Астана қаласы. Мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Орыс тілі ұлтаралық қарым-қатынас тілі мәртебесіне ие. Ақша бірлігі – теңге.
Әкімшілік-аумақтық құрылымы бойынша ел 14 облыс және республикалық маңызы бар 3 қалаға бөлінеді:
• Астана – республикалық маңызы бар қала
• Алматы – республикалық маңызы бар қала
• Шымкент – республикалық маңызы бар қала
• Ақмола облысы
• Ақтөбе облысы
• Алматы облысы
• Атырау облысы
• Батыс Қазақстан облысы
• Жамбыл облысы
• Қарағанды облысы
• Қостанай облысы
• Қызылорда облысы
• Маңғыстау облысы
• Түркістан облысы
• Павлодар облысы
• Солтүстік Қазақстан облысы
• Шығыс Қазақстан облысы
Қазақстан тұрғындарының саны 2018 жылдың 1 сәуірінде 18 млн. 212 мың 800 адамды құрады. 2018 жылдың басындағы деректер бойынша Қазақстан қоғамының ұлттық құрамы төмендегідей болды:
• Қазақтар - 67,47%
• Орыстар – 19,76%
• Өзбектер - 3,18%
• Украиндар - 1,53%
• Ұйғырлар - 1,46%
• Татарлар - 1,11%.
Қазақстан – Әлемдік мұхитпен тікелей жалғаспайтын әлемдегі ең ірі ел. Мұхиттардан алыстығына байланысты елдің ауа райы күрт континентальды болып келеді. Қаңтардағы орташа ауа температурасы − солтүстікте -19 °C-дан оңтүстігінде -2 °C-ға дейін, шілдедегі орташа ауа температурасы − солтүстікте +19 °C-дан оңтүстігінде +28 °C-ға дейін. Жаз мезгілі ыстық және құрғақ, қысы суық және қарлы. Ел аумағының ауқымды бөлігін – 44%-ын шөлдер және 14%-ын шөлейтті жерлер алып жатыр. Далалық жерлер Қазақстан аумағының 26%-ын, орман-тоғайлар 5,5%-ын құрайды. Қазақстанда 8,5 мың өзен бар.
Қазақстанның Ресурстары
Қазақстан батыс облыстарда шоғырланған мұнай мен газдың айтарлықтай мол қорына ие. Ел жылына 80 миллион тоннадан астам мұнай және газ конденсатын алатын әлемдегі ірі мұнай өндіруші мемлекеттер қатарына жатады. 2020 жылға қарай өндірісті жылына 120 млн. тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр. Бүгінде Қазақстан анықталған мұнай қоры жөнінен әлемде 9-орында тұр. Оған қоса республикамыз ранг жөніндегі әлемдік табелде көмір қоры бойынша – 8 және уран қоры бойынша 2-орын алады.
Қазақстанның Экономикасы
Дәстүрлі түрде елде ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Қазақстан әлемдегі ең жетекші астық экспорттаушылар ондығына кіреді және ұн экспорттаудан да көш бастаушылардың бірі саналады. Егін шаруашылығы солтүстікте дамыған – егістіктің 70 %-ы бидай, арпа, тары сияқты дәнді және техникалық дақылдарға тиесілі. Елдің оңтүстігінде күріш, мақта, темекі өсіріледі. Сонымен қатар, Қазақстан өзінің бауларымен, жүзімдіктерімен және бақша өнімдерімен де мәлім. Ауыл шаруашылығының жетекші саласы мал шаруашылығы болып саналады. Мал шаруашылығының негізгі бағыттары – қой, жылқы, түйе, ірі қара мал шаруашылығы және шошқа өсіру. Сонымен бірге, республикада құс шаруашылығы мен балық шаруашылығы да дамыған.
Бүкіләлемдік банк рейтингінде Қазақстан 2017 жылы барлық ТМД елдерінен озып, 35-ші орын алды.
Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 2016 жылы 552 млрд. доллардан асты. Экспортталатын басты тауарлар – кен өндіру, отын-энергетика, металлургия және химия өнеркәсіптерінің, сондай-ақ астық индустриясының өнімдері. Республиканың сауда саласындағы негізгі серіктестері – Ресей, Қытай, Еуропа және ТМД мемлекеттері.
Қазақстан «Жаңа Жібек жолы» атты ауқымды жобаны жүзеге асыруда, ол елдің құрлықтағы басты байланыстырушы буын ретіндегі тарихи рөлін жаңғыртып, оны өңірдің аса ірі іскерлік және транзиттік хабына – Еуропа мен Азия арасындағы өзіндік көпірге айналдыруға тиіс. Осы мега-жобаны іске асыру нәтижесінде 2020 жылға қарай республика арқылы өтетін транзиттік жүк ағыны 2 есе дерлік өсіп, одан әрі жылына ең азы 50 миллион тоннаға жетуі тиіс.
Елдің айрықша әсем ландшафттық байлығы мен бірегей мәдени-тарихи мұрасын дамудың жаңа мүмкіндіктерінің айналдыра алатын Қазақстанның туристік кластері де айтарлықтай әлеуетке ие болып отыр.
2010 жылғы шілдеде Беларусь, Қазақстан және Ресейдің Кеден одағы, ал 2012 жылғы 1 қаңтардан Біртұтас экономикалық кеңістік жұмысын бастады. 2015 жылғы 1 қаңтарда Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) туралы шарт күшіне енді. Бұл бірлестіктер мүше мемлекеттердің экономикасының тиімді дамуына және тұрғындарының тұрмыс деңгейін тауар, қызмет, қаржы және адам капиталының үш ел шекарасы арқылы еркін қозғалысы қағидаты негізінде арттыруға бағытталған.
Казақстан - бұл болашағы айқын, дамып келе жатқан, бәсекелестік пен мәдени қарым-қатынастармен байланыстыратын, әлемге танылған мемлекет.